Мақтаарал ауданы А.Фердауси атындағы №24 мектепте Қадыр Мырзалиевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ұлтым өзге болса да, жаным — қазақ» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Ауданның “Тілдерді оқыту және дамыту орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада қазақ тілінің өзге ұлт өкілдері арасында танылуы мен дамуына үлес қосу, қазақ тілін үйрену үдерісіндегі қиындықтар мен жетістіктері мәселелерінде оқушылар өзара ашық пікір алмасты. Сондай-ақ, ақынның қазақ тілін үйретудегі еңбегін және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренудегі тәжірибелерін талқылады.
Аталған мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі А.Қанжігітова «Қазақ барда — сен барсың, Қадыр аға!» тақырыбында баяндама жасады. Мектеп оқушылары ақын Қадыр Мырзалиевтың өлеңдерін жатқа оқып, қазақтың ұлттық биін билеп, өз өнерлерін көрсетті.
Мектеп басшысы қызметін уақытша атқарушы Еркінбек Қарақұлов аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығына өз ризашылығын білдірді. Өз тілімізді мақтан тұтып, оны сақтау мен дамыту әрбір қазақстандықтың басты міндеті мен борышы екенін атап өтті.
Айта кетейік, аталған іс-шара қазақ тілі мен еліміздегі ұлттар арасындағы байланысты нығайтып, болашақта мәдениетіміздің әрі қарай дамуына үлес қосатын маңызды қадам болып табылады.




