Тұз — ас дайындауда күнделікті қолданатын қарапайым өнім. Ол тағамның дәмін келтіріп қана қоймай, ағза үшін белгілі бір мөлшерде қажет. Алайда соңғы жылдары адамдар арасында тұзды шамадан тыс пайдалану дағдыға айналып барады. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Артық тұз — денсаулыққа көрінбейтін, бірақ өте үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан тұзды мөлшерден тыс тұтыну мәселесін көтеру – бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі.
Тұздың ағзаға қажеттілігі қандай?
Тұздың құрамындағы натрий мен хлор адам ағзасына өте қажет:
- Натрий жасушааралық тепе-теңдікті сақтайды;
- Бұлшықеттердің, әсіресе жүрек бұлшықетінің жұмысын реттейді;
- Нерв импульстерінің берілуіне көмектеседі;
- Қан қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұруға қатысады.
Алайда бұл қажеттілік күніне 5 грамм (шамамен бір шай қасық) тұзбен-ақ толық жабылады. Бұдан артық тұз тұтыну ағзаға зиян келтіреді.
Тұзды артық тұтынудың себептері
- Дәмге тәуелділік
Адамдар астың дәмін тұз арқылы ғана келтіруге дағдыланып кеткен. Ащы тамаққа әуестік тұз мөлшерін күннен-күнге арттырады. - Дайын тағамдар мен фастфуд
Көпшілікке танымал чипстер, дайын сорпа, колбаса, консервіленген тағамдардың құрамында тұз мөлшері өте жоғары. - Тамақтану мәдениетінің төмендігі
Қазіргі қоғамда дұрыс тамақтану ережелері көп жағдайда сақталмайды, тұз мөлшеріне мән берілмейді.
Тұзды артық тұтынудың зияны
1. Жоғары қан қысымы (гипертония)
Тұз қан құрамындағы суды ұстап тұрады. Бұл жүрекке артық күш түсіреді және қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Артериялық гипертония — инсульт пен инфаркттың басты себептерінің бірі.
2. Жүрек-қан тамыр аурулары
Қан қысымының жоғарылауы жүрекке салмақ түсіреді, жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ұстамасы және инсульт секілді аурулар даму қаупін арттырады.
3. Бүйрек аурулары
Артық тұз бүйректің жұмысын қиындатады. Натрийдің көптігі несеп арқылы сыртқа шығу үшін бүйрекке қосымша күш түсіреді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
4. Остеопороз (сүйектің сынғыштығы)
Тұз кальцийдің зәр арқылы көп бөлініп шығуына себеп болады. Ал бұл сүйектердің беріктігін төмендетіп, оларды әлсіз етеді.
5. Сусыздану
Тұз ағзадағы сұйықтықты өзіне тартып алады. Бұл жасушалардың сусыздануына, әлсіздікке, бас ауруына және тері құрғауына себеп болуы мүмкін.
6. Асқазан аурулары
Зерттеулер көрсеткендей, артық тұз асқазанның шырышты қабатын тітіркендіріп, гастрит пен асқазан жарасына жол ашады. Тіпті асқазан обырына шалдығу қаупін арттырады деген деректер бар.
Артық тұзды қалай азайтуға болады?
- Тамақты дәмдеуіштермен байыту
Лимон шырыны, сарымсақ, ащы бұрыш, көк шөптер – тағамға дәм береді әрі денсаулыққа пайдалы. - Дайын тағамдарды шектеу
Қаптамада сатылатын чипс, консервілер, дайын соустар мен тез дайындалатын кеспелерден аулақ болу керек. - Тұз салуды бақылау
Үйде тамақ әзірлегенде тұзды өлшеп қолдану, дәм татпай тұрып қосып жібермеу маңызды. - Жапсырманы оқу дағдысын қалыптастыру
Супермаркеттен тағам сатып аларда құрамын оқып үйрену керек. “Сodium” немесе “натрий” көрсеткіші жоғары болса – тұзы көп деген сөз. - Балаларда тұзға тәуелділікті болдырмау
Баланың дәм сезу қабілеті қалыптасу кезеңінде оған тұзды тағамдарды аз ұсыну қажет. Бұл келешекте дұрыс тамақтану дағдысының негізін қалайды.
Қорытынды
Тұз — пайдалы, бірақ артық мөлшерде — қауіпті. Оның шамадан тыс қолданылуы қазіргі таңда миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп отыр. Ал бұл мәселенің шешімі әр адамның өз қолында. Тамақтану мәдениетін өзгертіп, тұзды бақылауда ұстай білсек, көптеген аурулардың алдын алуға болады. Сондықтан тұзды тұтынуда «неғұрлым аз — соғұрлым жақсы» деген ұстанымды естен шығармайық.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А.Еркінбекова