Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен 2025 жылдың 27 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында елімізде «Таза жағалау» атты кең ауқымды экологиялық акция өткізу жоспарланған болатын.
Акцияның негізгі мақсаты – еліміздегі өзен-көлдер мен су айдындарының жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, табиғатты аялауға қоғам назарын аудару, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеу болып табылады.
Осыған орай, 2025 жылғы 4 қазан күні Мақтаарал ауданының аумағында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, оған барлық кенттер және ауылдық округтер, дербес бөлімдер мен оларға қарасты мекемелер, білім беру ұйымдары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар белсенді түрде атсалысты.
Қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған бұл шараға 1200-ге жуық адам қатысып, 15 арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Нәтижесінде 18 тонна тұрмыстық және өндірістік қалдықтар жиналды. Сондай-ақ, 5,8 шақырым жаяу жүргінші жолдары, 5 шақырым К-18 каналының жағалауы, 20 шақырымға созылған республикалық маңызы бар А-15 тас жолы мен К1-18 каналының (М-39 халықаралық трассасынан Атакент кенті теміржолына дейін) бойы толықтай тұрмыстық және басқа да қалдықтардан тазартылды. Сондай-ақ, сенбілік барысында арам шөптер шабылып, ағаш көшеттерін отырғызуға арналған арнайы орындар дайындалды. Қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен (қаптар, қолғаптар, кетпен, тырма, т.б.) қамтамасыз етіліп, жұмыстар үйлесімді әрі ұйымшылдықпен жүргізілді.
Бұл сенбілік — жай ғана тазалық жұмысы емес, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара. Табиғатты қорғау — тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін еске салған акция көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жағымды қоғамдық резонансқа ие болды.








