Вторник, 4 ноября, 2025
3.7 C
Мырзакент
ҮйСЭСТаза қоршаған орта – ұзақ өмірдің кепілі

Таза қоршаған орта – ұзақ өмірдің кепілі

Қоршаған орта дегеніміз — адам мен табиғаттың өзара әрекеттесетін кеңістігі, оның құрамында ауа, су, топырақ, флора мен фауна, сондай-ақ адамның өмір сүруіне қажетті барлық табиғи ресурстар бар. Қоршаған орта адам өмірінің әрбір аспектісіне әсер етеді, сондықтан оның тазалығы мен сақталуы біздің денсаулығымыз бен өмір сүру сапамызға тікелей байланысты. Алайда, қазіргі таңда қоршаған ортада орын алып жатқан экологиялық мәселелер мен ластанулар адам ағзасына, экожүйеге және қоғамға терең әсерін тигізуде.

Ең алдымен, атмосфералық ауаның сапасы мен оның адам денсаулығына әсеріне назар аудару қажет. Адам ағзасы тәулігіне шамамен 12–15 мың литр ауа жұтады. Егер бұл ауа құрамында көміртек тотығы (CO), күкірт диоксиді (SO₂), азот оксидтері мен шаң тозаңы көп болса, тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне зиян келеді. Бұл жағдайлар тыныс алу ауруларының (бронхит, астма) көбеюіне әкеп соғады. Ауаның сапасыздығы – адам өмірінің сапасын төмендететін басты факторлардың бірі, себебі таза ауа – ағзаның оттегімен қанығуы мен ішкі мүшелердің қалыпты жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін өмірлік маңызды ресурс.

Су — адам өмірінде оттегіден кейінгі екінші маңызды қажеттілік әрі тіршілік атаулының негізі саналады. Ауыз су сапасының нашарлауы – жұқпалы аурулардың таралуына басты себеп. Мысалы, іш сүзегі, дизентерия, гепатит А сияқты аурулар көбіне лас сумен таралады. Сондықтан санитариялық нормалар мен ережелерге сай, су көздерінің гигиеналық бақылауда болуы – аса маңызды.

Тазалық адам денсаулығының негізі екенін ескерсек, қоршаған ортаны қалдықтардан арылту өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтар дұрыс жойылмаса, олар топырақты ластап, экосистемаға теріс әсер етеді. Сонымен қатар, қоқыс полигондарында органикалық қалдықтардың шіруі нәтижесінде метан (CH₄) сияқты зиянды газдар бөлінеді. Бұл газ парниктік эффектіні күшейтеді, климаттың өзгеруіне ықпал етеді және атмосфераның ластануына әкеледі. Бұл арқылы адам ағзасына ауыр металдар, пестицидтер еніп, иммундық жүйені әлсіретіп, созылмалы аурулардың пайда болуына себеп болады.

Қоршаған ортаның көрінбейтін, бірақ аса қауіпті ластаушы факторларының бірі — радиация. Кей өңірлерде техногендік апаттар мен уран өндірісі нәтижесінде радиациялық фон қалыпты деңгейден жоғары болады. Иондаушы сәулелер ағза жасушаларын зақымдап, онкологиялық аурулар қаупін арттырады.

Қоршаған ортаның ластануының алдын алу шаралары:

 Өндірісте бөлінетін газды, шаңды ластаушы заттарды азайтушы немесе бейтараптандырушы сүзгілер мен құрылғылар орнату: Бұл өнеркәсіп орындарындағы зиянды шығарындыларды азайтуға көмектеседі.

 Көліктер мен технологиялық аспаптардың қозғалтқыштарын жетілдіру: Олардың тазалаушы құрылғыларын жаңарту және оларды зиянсыз түрге көшіру арқылы атмосфераға бөлінетін ластаушы заттардың мөлшерін азайту.

 Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, арнайы полигондарға шығару табиғи ресурстарды үнемдеуге және қайта өңдеуді арттыруға көмектеседі. Бұл қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың таралуын азайтып, экологиялық жауапкершілікті арттырады.

 Айналаны көгалдандыру — өсімдіктердің жақсы өсіп-өнуіне жағдай жасау арқылы қалалар, өнеркәсіп орындары, елді мекендер мен жол бойларын жасыл желекпен әрлеу. Бұл ауаның тазалығын арттыруға, экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Қоршаған орта – адам денсаулығының негізі. Оның тазалығы мен сақталуы халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығына тікелей әсер етеді. Әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарап, тазалық пен қауіпсіздік мәдениетін дамытуға атсалысуы тиіс. Тек осылай ғана біз таза, қауіпсіз және үйлесімді ортада өмір сүре аламыз.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ