«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын іске асыру шеңберінде 2026 жылғы 10–11 сәуір күндері республика көлемінде ұйымдастырылған «Таза қала» экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында ауқымды сенбілік өткізілді.
Ағымдағы жылдың 11 сәуір күні өткен тазалық шарасына аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері белсенді түрде қатысып, жалпы саны 2000-ға жуық адам жұмылдырылды.
Сенбілік барысында аудан аумағын абаттандыру, көше бойларын, қоғамдық орындарды және елді мекендерді тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Тазалық акциясы аудан орталығы Мырзакент кентінің Жаңа мөлтек ауданы мен кент және ауылдық округтердің аумақтарын қамтыды. Нәтижесінде 12,5 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, арнайы орындарға жеткізілді. Жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 15 дана арнайы техника тартылды.
Аталған сенбілікке Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қатысып, тазалық жұмыстарының барысын бақылап, ұйымдастыру деңгейіне оң бағасын берді. Ол өз сөзінде мұндай экологиялық шаралардың қоршаған ортаны қорғаудағы маңыздылығына тоқталып, аудан тұрғындарын тазалықты сақтауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.
«Таза қала» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл шара тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға бағытталған.
Мақтаарал ауданында алдағы уақытта да осындай тазалық акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып, экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.


































