Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Тәуелсіздік — бейбіт өмір мен жарқын болашақтың негізі

Тәуелсіздік — бейбіт өмір мен жарқын болашақтың негізі

18

Қадірлі Отандастар!

Құрметті Мақтаарал ауданының тұрғындары!

Сіздерді барша қазақстандықтар үшін айрықша мәні бар, қасиетті де қастерлі мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандаған асыл мұратының жүзеге асуы, елдігіміздің еңсесін тіктеген тарихи таңдау. Бұл – халқымыздың бірлігі мен берекесінің, татулығы мен тұтастығының, бейбіт өмір мен жарқын болашақтың берік негізі. Егемен еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен толағай табыстары – әрбір қазақстандықтың маңдай тері мен қажырлы еңбегінің жемісі.

Тәуелсіздік жылдары Мақтаарал ауданы да айтарлықтай даму жолынан өтті. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл – туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарының, шаруалардың, кәсіпкерлердің, ұстаздар мен дәрігерлердің, барлық сала қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің арқасы.

Бүгінгі таңда біздің басты міндетіміз – ел Президенті белгілеген стратегиялық бағыттарды жүзеге асыра отырып, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, жастарға сапалы білім мен жарқын болашаққа жол ашу, әлеуметтік қолдауды күшейту және туған өлкеміздің әлеуетін одан әрі дамыту. Бұл жолда сіздердің ауызбіршілік пен ынтымаққа негізделген қолдауларыңыз аса маңызды.

Осы айтулы мерекеде әр шаңыраққа амандық пен тыныштық, бақ-береке тілеймін. Елімізде тұрақтылық орнап, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, келешегіміз кемел болсын! Мақтаарал өңірі қашанда еңбегімен, бірлігімен, елге деген жанашырлығымен үлгі бола берсін!

Баршаңызды тағы да Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол табыс, отбасыларыңызға шаттық пен ырыс-береке тілеймін!

Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасасын!


Құрметпен,

Бақыт Асанов

Мақтаарал ауданының әкімі

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.