Бейсенбі, Қараша 21, 2024
11.4 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыТамшылатып суғару технологиясы арқылы егілген мақта 60 центнер өнім беріп отыр

Тамшылатып суғару технологиясы арқылы егілген мақта 60 центнер өнім беріп отыр

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы берілген тапсырмаға сәйкес, ағын суды үнемді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін суғармалы егістік алқаптарында тамшылатып суғару технологиясын кеңінен қолдану керектігі айтылған болатын.

2024 жылы Мақтаарал ауданы бойынша жалпы 2,0 мың гектар алқапқа тамшылатып суғару технологиясын енгізу жосапрланған болса, бүгінгі таңда 1,5 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді (оның ішінде: 500 гектар мақта, 1000 гектар бақша, көкніс дақылдары).

2025 жылы тамышалтып суғару технологиясы енгізілетін алқапты көбейту мақсатында жаңа технологияны пайдалана отырып, өнімін еккен «Хамро ата» ауы шаруашылығы өндірістік кооперативінде аудандық көлемде семинар-кеңес өткізілді.

«Хамро ата» АШӨК ағымдағы жылы 310 гектар алқапқа мақта дақылын тамшылатып суғару технологиясы арқылы егіп, бүгінде өнімін жинауға кіріскен.

Жалпы өнімділік 1 гектарға 58-60 центнерді құрап отыр (ауданның орташа өнімділігі 26,2 центенрді құрауда). Ағын су көлемі біршама үнемделіп, өнімділіктің көлемі 2-2,5 есеге артты. Сонымен қатар, тамшылатып суғару технологиясын енгізген шаруаларға мемлекет тарапынан кеткен шығынның 80%-ы субсидия ретінде өтелетін болады.

Айта кетейік, тамшылатып суғару – ең алдымен судың ысырабы азайтып, екіншіден, өнім көлемі арттыратын суғарудың үнемді әдісі.

Тамшылатып суғару өнеркәсіптік көлемде алқашқы рет Израильде өткен ғасырдың ортасында зерттеліп, өндіріске енгізілген. Қазіргі кезде бұл әдісті бүкіл дүниежүзі мемлекеттері озық технология ретінде қолданады.

Тамшылатып суғару, тәжірибе көрсеткендей, бау-бақша, жүзім, гүл, газондық шөптер және көкөніс дақылдарын егуде өте тиімді. Бұл әдіспен егіліп алын­ған өнім бұрынғы әдіспен егілген өнімнен 7-8 есе, ал кей жағдай­ларға 10 есеге дейін артық өнім береді. Су көздері тапшы немесе жоқ жерлерде оның маңызы орасан зор және таптырмайтын әдіс.

Бұл әдісті қолданып суғарғанда қатар аралықтарының арасы ылғалданбағандықтан арам шөп шықпайды. Су көздері ретінде сква­жина, суғару трубалары, ша­ғын арықшалар, каналдар (канал­дың толып ағуы міндетті емес), колонкалар және әртүрлі су жина­латын ыдыстар (бөшке, цистерна т.б.) пайдаланылады. Бұл әдісті пайдалану аяқ судың келуін күт­пей-ақ ерте көшетпен егілетіндік­тен өнімнің өте ерте пісуіне әкеледі. Ол жабық (жылыжай) және ашық жерлерде бірдей пайдалануға мүм­кіндік береді. Тыңайтқыш суда ері­тіліп өсімдіктің тікелей тамырына беріледі.

Қазіргі кезде дүние жүзінде там­шылатып суғару екі түрлі жағ­дайда жүргізіледі. Біріншісі, шлан­галы түтіктер (израильдік) арқылы болса, екіншісі, ленталы түтіктер (америкалық) арқылы. Бұлардың айырмашылығы олардың салма­ғында: израильдік шлангілі труб­каларға қарағанда ленталы труб­калар әлдеқайда жеңіл (1000 есеге дейін) және сатып алу бағалары өте арзан. Бұл ленталы трубкалармен су­ғару әдістерін пайдалану қазіргі кезде негізінен арнаулы техника­мен үлкен алқаптарда егу проце­сімен бір мезгілде іске асырылады.

Тамшылатып су­ғару әдісін аз көлемді жерлерде (есік алды, саяжай және аз көлемді жері бар фермаларда) пайдалануға болады. Аз кө­лемді және алқапты жерлерде де ленталы трубкалармен тамшыла­тып суғарып егу тиімді. Күзде егіс мерзімі аяқталысымен құрылғылар оңай жиналып, кез келген жабық ғима­раттарда сақталады. Көктем­де оларды қайтадан пайдалануға болады.

Жалпы, бұл әдісті пайдалану өнімнің өзіндік құнын 10 есеге дейін арзандатуға қол жеткізеді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ