Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асановтың өкімімен аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына ротация тәртібімен Шардара ауданынан ауысып келген Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы және Қазығұрт ауданынан ауысып келген Тұрсынқұлов Серік Алтынбекұлы тағайындалды.
Бүгін аудан басшысы аудан активіне қос бірдей жаңа орынбасарларын таныстырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, орынтақтарына жайғастырып, тиісті салаларына қатысты бірқатар міндеттерді жүктеді.
Бұдан кейін Бауыржан Қуанышбайұлы экономика және қаржы, сәулет және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы, білім салаларына, ал С.Тұрсынқұлов ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, спорт, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту салаларына кураторлық жасайтын болады.
Б.Шомпиев 1965 жылы 7 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Қазақ-химия технологиялық институтын «Инженер құрылысшы» мамандығы бойынша аяқтаған. Ал, С.Тұрсынқұлов 1970 жылы Шымкент облысы, Ленин ауданында туылған. 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан техникалық университетін «Инженер-құрылысшы-технолог» мамандығы бойынша, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан ашық университетін «Заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Айта кетейік, Бауыржан Шомпиев 2017 жылдан бері Шардара ауданы әкімінің орынбасары, Серік Тұрсынқұлов 2012 жылдан бері Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек етіп келген.






