Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына қойған міндеттерінің бірі гендерлік теңдікті нығайту және әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды біртіндеп әзірлеу болып табылады.
Бұл ретте, Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне басты назар аударды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі әйелдер отбасылық міндеттермен қатар, көбіне ер-азаматтардың салалары болып табылатын коммуналдық, абаттандыру, инженерлік бағыттар бойынша және полиция саласындағы мемлекеттік әкімшілік қызметті де атқаруда.
Түркістан облысында мемлекеттік органдарда нақты қызмет атқаратын 5650 мемлекеттік қызметшінің ішінде әйелдердің саны – 1543, оның ішінде 236 басшылық лауазымдарда қызмет атқарады.
Яғни, әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да, белсенділік танытып, ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Бүгінде қазақ әйелі – отбасының ұйытқысы ғана емес, білікті маман, жауапты басшы. Олардың қоғамда алар орны ерекше.
Айта кетсек, соның бірі – Мақтаарал ауданының тумасы 2 қыз, 1 ұл өсіріп отырған ана Балжан Мадиқызы Алипбек.
Мемлекеттік қызметші ретінде алғашқы еңбек жолын 1994 жылы Шардара ауданы, Достық ауылының әкімі болып бастап, қазіргі таңда Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарады.
Сондай-ақ, 2022 жылдың қазан айында «Ерен еңбегі үшін», 2024 жылы Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және осы жылдың шілде айында Түркістан облысының «Құрметті азаматы» марапатына ие болған.
Осы тұрғыда, әйелдерді қолдап, оларға мүмкіндіктер жасау – ердің қолына алақан жаймай, ерлермен бірдей табыс тапқан әйелдің отбасында да рөлі артатыны ақиқат.
ҚР МҚІА Түркістан облысы бойынша департаменті