Балабақшалардың санитариялық-гигиеналық, техникалық жағдайы, жиһаздармен жабдықталуы, сыйымдылығы, қызметкерлердің медициналық бақылаудан уақытылы өтуі, тамақтың сапасы, қауіпсіздігі, дайындалуы нормативті-құқықтық актілерге сәйкес болуы қажет. Бұл талаптарды мүлтіксіз орындау балабақша меңгерушісінің (құрылтайшы, жеке кәсіпкер) басты міндеті.
Ал, балабақшадағы балалардың тамақтануын ұйымдастыру — бұл үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар, тағамнан улану жағдайының алдын алу мақсатында балабақшаларда келесі ісшараларды орындау қажет.
— Тамақтанудың іс жүзіндегі рационы күнделікті ас мәзіріне, бекітілген перспективалы ас мәзіріне сәйкес қамтамасыз етілуі қажет.
— Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер мен қант қосылады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс етін жеті күнде бір рет қосу қажет.
— Таңғы ас ыстық тағамнан және ыстық сусыннан, жұмыртқадан, сары май немесе ірімшік қосылған бутербродтан тұрады. Екінші таңғы асқа шырындар, жемістер көзделеді.
— Түскі асқа салат, бірінші, екінші тағам және үшінші тағам (компот, кисель, шай және шырындар) кіреді. Салаттар пісірілген және жас көкөністерден дайындалады.
— Балабақшаларда және балалар үйлерінде тамақ ішу арасындағы аралық 3,5-4 сағаттан аспау қажет.
Асханада пайдалануға рұқсат етілмейтін азық-түліктер:
— Пастерленбеген сүт, сүзбе, қаймақ.
— Кремі бар кондитерлік өнімдер.
— Фритюрде қуырылған өнімдер.
— Фаст-фудтар гамбургерлер, ход-догтар, пиццалар, наггетстер, чипсілер (чипсондар), дәмдік қоспалары бар тұздалған қытырлақ нан.
— Сырқаттанушылығы бойынша қолайсыз шаруашылықтардың сүт, ет өнімдері.
— Суда жүзетін құстың жұмыртқасы мен еті.
— Йодталмаған тұзды және құрамында темірі бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған (фортификацияланбаған) жоғарғы және бірінші сұрыпты бидай ұнын пайдалауға жол берілмейді.
Балабақшаларда медицина қызметкері немесе жауапты тұлға дайын тағамдардың сапасына күнделікті органолептикалық бағалауды жүргізеді. Және де тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракераждық комиссия жүргізеді, оның құрамы медицина қызметкерін, әкімшілікті, өндіріс меңгерушісін және ата-аналар комитетінің өкілін міндетті түрде қоса отырып, объект басшысының бұйрығымен бекітіледі.
Сондай-ақ, балабақша асханаларының қызметкері жеке бас гигиенасын сақтап, таза арнайы киіммен, аяқ киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Қызметкерлерге қол жууға арналған ыстық және салқын су келтірілген раковинамен (қол жуғыштары), жеке санитариялық тораппен (дәретханамен), себезгі бөлмесімен жабдықталады.
Барлық мектеп асханаларында өндірістік бақылау бағдарламасы ұйымдастырылу керек туралы айтылды.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нұрбек Садықбекұлы Нышанов