Мақтаарал ауданы Мырзакент кентіндегі орталық мешіттің ауласында жаңа медресенің құрылысы басталды. Игі бастаманың алғашқы қадамын аудан әкімі Бақыт Асанов жасап, нысанның алғашқы кірпішін қалап берді.
Салтанатты шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Қ.Сәрсекбаев, аудан әкімдігінің өкілдері, ардагерлер, дін қызметкерлері, кент тұрғындары қатысты. Жиналғандар рухани білімнің дамуына жол ашатын жаңа медресенің маңыздылығын атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл бастама Мырзакенттің ғана емес, бүкіл Мақтаарал өңірінің рухани-мәдени әлеуетін арттыратын маңызды жоба екенін тілге тиек етті.
Жоба жергілікті жамағаттың, кәсіпкерлердің және демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда. Медреседе бастапқы кезеңде 30-ға жуық шәкірт діни білім ала алады деп жоспарланып отыр. Оқу орны заман талабына сай жабдықталып, ұстаздар мен шәкірттерге қажетті жағдайлар жасалмақ.
Ауданның бас имамы Нұржан Мұсабековтың айтуынша, бұл медресе – жастарды діни сауаттылыққа баулып қана қоймай, оларды елжанды, иманды, тәрбиелі азамат етіп тәрбиелеуге бағытталады.




