Пятница, 24 октября, 2025
18.4 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚМырзакент кентінің орталық саябағы пайдалануға берілді

Мырзакент кентінің орталық саябағы пайдалануға берілді

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданында Мырзакент кентінің орталық саябағы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, дәл осы жаңа нысанда диқандар мен шаруаларымыздың күзгі жиын-терім науқанын аяқтауына байланысты «Altyn Kuz-2025» мерекелік іс-шарасы мен гала-концерт өтті.

Аудан әкімі бастаған топ жаңа нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Мұнда балаларға арналған ойын алаңшалары, амфитеатр, сәндік субұрқақ, жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындықтары мен көлікке арналған автотұрақ және көгалдандырылған аймақтар қарастырылған. Бұл нысан тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени орта болмақ.

Саябақтағы амфитеатрда Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына арналған «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты салтанатты іс-шарасы өтті.

Іс-шарада сөз алған аудан әкімі Бақыт Асанов: «Осыдан 35 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақ елінің жаңа тарихының беті ашылды. Егемендік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының жүзеге асуы еді. Тәуелсіздік пен береке-бірліктің арқасында ауданымыз дамып, жылдан жылға жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгін пайдалануға берілген Мырзакенттің орталық саябағы – соның айғағы», – деді.

Мереке аясында ел дамуына, мәдениет пен ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар министрлік, облыс және аудан әкімінің марапаттарына ие болды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданы әкімінің алғыс хатымен мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, мәслихат және әкімдік салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды.

Іс-шара барысында «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне» арналған «Altyn Kuz – 2025» мерекесі де аталып өтті. Онда ауыл шаруашылығында озат көрсеткішке жеткен ауылдық округтер мен агроқұрылымдарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Мақта өндіруден, жүгері және бақша дақылдарын өсіруден, басқа да шаруашылықтардан, жеке кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудан үздік танылған округтер мен шаруа қожалықтары атап өтілді.

Кеш соңы еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты. Онда Қазақ эстрадасының танымал әншілері – Асан Пердеш, Нұрмахан, Ержан Қайратұлы және «Баян Сұлу» триосы халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. От шашулар атылып, халық қос мерекені ерекше қуанышпен қарсы алды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ