Бейсенбі, Қараша 21, 2024
13.6 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМәуелі бәйтерек

Мәуелі бәйтерек

Жүрегі мейірімге толы, махаббатымен әлемді тербеткен аналарымыз жайлы қанша қалам тербесек те әйтеуір бір қасиетін жеткізіп айта алмай қалғандай боламыз да тұрамыз. Ақындар «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жырласа, дана халқымыздың өзі «дүниеде ана махаббатынан қасиетті ешнәрсе жоқ» дейді. Расында да, жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыздың ақ тілегі әр адамның бойына қанат бітіріп, үлкен мақсаттарға ұмтылдырады. 

Ақ тілегімен ұрпақтарының бойына адалдық пен мейірімді, парасаттылықты сіңіріп, тағылымды тәрбие беріп жүрген көңілі дария, өмірі шежіре аналардың бірі  Гүлхан  Назарбаеваны мақтааралдықтардың көпшілігі жақсы таниды, жақсы көреді десек, артық айтқандық емес.

Еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген Гүлхан апамыз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосқан аяулы жан. 

Гүлхан Арабқұлқызы 1941 жылдың 8 наурызында Сырдария жағалауындағы Көрікті ауылында дүниеге келген. Әкесі Арабқұл мен анасы Жаңылай Гүлханды білім алып, сауатын ашсын деп төрт жылдық ауылдық мектепке оқуға береді. Жастайынан ерекше қабілетті болып өскен ол мектепті үздік бітіреді. Еңбекке де ерте араласты. Жастығына қарамай дала алқабында шабық шабу, егін егу секілді жұмыстарды үлкендермен бірдей атқарып жүрді. 19 жасында тұрмысқа шықты. Жолдасы Бейсен мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін. Гүлхан апа қолөнерден де құр алақан емес-тұғын. Үй шаруасымен бірге түрлі киімдер тігу, киіз басу, өрмек және кілем тоқудың шебері болды.  Көздің жауын алатын түрлі қолөнер бұйымдары Гүлхан апаның қолынан шығып жатты. Тандыр пешті де өзі соғып ала беретін. Көпшілік «Гүлханның қолы гүл ғой»  деп тамсанатын. Келін болып түскеннен кейін де үй шаруасымен шектеліп қалмай, науқан кездерінде дала алқабында  жұмыс істеп, мақта терді. «Ең үздік терімші келін» атанып, басшылардың көзіне  іліге бастады. Коммунистік партия қатарына қабылданды. Осылайша, «Коммунист келін»,  «Депутат келін» деген атқа ие болды. Жемісті еңбегі бағаланып, «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атанды, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.

Гүлхан апа еңбектен қол үзбей жүріп он перзентін дүниеге әкелді. 1982 жылы «Алтын алқа» төсбелгісін, «Көп балалы ана» алтын медалін кеудесіне тақты. Бес ұлын аяқтандырып, келін түсіріп, бес қызын қияға ұшырды. Олардан 38 немере мен 50 шөбере сүйді. Ұлдары Қалыбай, Алыбай, Әкімтай, Бейсен, Оспан бүгінде аймақтың  абыройлы азаматтары. Өнегелі тәлім алып өскен қыздары Базаркүл, Дүйсенкүл, Айткүл, Гүлмира, Нәзиралар да өз шаңырақтарының ұйытқысы болып, ананың ұлағатты ақылын  ұрпақтарының бойына егуде. 

– Адам өмірге келген соң  алдына мақсат қойып, ұрпақ жалғастырады. Қоғамға ең алдымен дені сау, ұлттық сана-сезімі ояу, мәдениетті, еңбекқор жандар керек.  Бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан ұлтжанды ұл мен ибалы қыз тәрбиелеп, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беруіміз керек. Бүгінде немереге ертегі айтып беретін әжелер азайды, бесік жырын білмейтін аналар көбейді. Қазіргі түсінік басқа ғой. Оның үстіне қазіргі балалар да ертегіні көп тыңдамайды. Ата-аналары таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыста. Балалары күнделікті компьютер ойнайды, теледидардан әртүрлі мультфильмдер қарайды.  Қазір ғаламтор дегеніңіз бәрін жіпсіз байлап қойды. Осыған өзіміз де кінәліміз деп ойлаймын. Дер кезінде жат әдеттен шектемейміз, ұялы телефон да, планшет те сатып алып береміз. Алайда, осының барлығы баланың болашағына балта шабу екеніне, сондай-ақ, бала психологиясына кері әсер ететіндігіне мән бермейміз. Тәрбие деген кешіктірілсе кешірмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қалпына қайтып келмейтін  дүние ғой. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеуде осы жағдайға баса мән беруіміз керек,  –  дейді Гүлхан апа.

Жуырда Гүлхан апамыз Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтты. Ол жерде елге, жерге, ұрпақтарына жақсылық тілеп, Құдайға дұға қылды. Біз де асыл ананың дұғасы қабыл болғай дейміз.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.

Мақтаарал ауданы.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ