Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында халықтың тығыздығы өте төмен. Бұл өңірлерде табиғи ресурстары мол болғанымен, экономикалық белсенді тұрғындары аз. Бұл өңірлерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалады, әсіресе бұл мәселе ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында қиындықтар туғызуда.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша өз еркімен қоныс аударуды ұйымдастыру, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыра отырып, еңбек рыногын реттеу ынтымақтастық жұмыстары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Мақтаарал ауданынан 2018-2024 жылдар аралығында 144 отбасы өз еркімен қоныс аударған екен.
Бүгін сол жұмыстар өз жалғасын тауып, ШҚО, Павлодар, Абай, Ұлытау, Қостанай, СҚО, Қарағанды облыстарынан халқы тығыз орналасқан Мақтаарал ауданына арнайы делегаттар келді. Құрамында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшы орынбасарлары, өңір әкімдерінің орынбасарлары, ауыл округі әкімдері, жұмыспен қамту саласының өкілдері мен жұмыс берушілер бар.
Аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев төрағалық жасап, қоныс аударуға ниетті тұрғындар жиынға қатысты.
Жиын барысында көшкендердің әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтеру, оның ішінде тұрғын үймен, жер мәселесі, балабақша, мектеп, мемлекет тарапынан берілетін қаржылармен қамтамасыз етілетіні айтылды. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруға бағытталған кәсіпкерлік бағдарламалары да бар. Бұл бағдарламалар бойынша халыққа жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар ұсынылады, кәсіпкерлікті дамыту үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Жиында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Мұнан соң көшуге ниетті әрбір тұрғынмен кездеу өтіп, агитациялық жұмыстар жүргізілді.
Айта кетейік, көші-қон саласындағы еңбек ресурстары аз, халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандыру – бұл Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына оң ықпал ете алатын маңызды процесс. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуы бұл үдерісті жылдамдатуға және оның нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің барлық аймақтары бірдей дамып, әлеуметтік теңдік пен экономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіледі.







