Пятница, 31 октября, 2025
24.8 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралдың кітапханашылары - облыс бойынша үздік!

Мақтааралдың кітапханашылары – облыс бойынша үздік!

Түркістан қаласының төрінде өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің жылдық қорытынды жиынында облыстың үздік мәдениет ұйымдары мен қызметкерлері марапатталды. Биылғы жылы 400-ге жуық кітапхананың арасынан суырылып шығып, «Үздік аудандық кітапхана – 2025» атағын Мақтаарал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жеңіп алды.

Салтанатты жиында марапатты Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев табыстады. Ол өз сөзінде кітапхана ұжымының еңбегін ерекше атап өтті:

«Бұл марапат – ұжымның тынымсыз еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және қоғамның мәдени-рухани дамуына қосқан зор үлесінің нәтижесі. Халықты кітап оқуға баулу, рухани ой-өрісін кеңейту – үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін іс», – деді Ә.Қойлыбаев.

Мақтаарал кітапханашылары тек ұжымдық жетістікпен шектелмей, жеке деңгейде де жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан кітапхана қызметкері Әзімхан Бибосынов «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, ҚР Кітапханашылар одағының шешімімен Жайсан Мусалина мен Гүлнар Бекманова «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін иеленді. Ал Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың атынан берілген «Құрмет грамотасы» Жанат Сапарқызын қуанышқа бөледі.

Іс-шара барысында ауылдық деңгейдегі үздіктер де назардан тыс қалмады. Мақтаарал аудандық ОКЖ-не қарасты Достық ауылдық кітапханасы «Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» номинациясын жеңіп алды.

Мақтаарал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы мен ұжымы бұл жетістікке көптеген жылдар бойы жүйелі еңбектің, оқырманмен тығыз байланыстың және заманауи цифрлық кітапхана бағытындағы жаңашыл бастамалардың арқасында жеткенін атап өтті.

Айта кетейік, кітапхана ұжымы алдағы уақытта да оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп, рухани қазынамызды насихаттауда жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ