Мақтаарал ауданында жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан түрлі сала өкілдері марапатталды. Жиынға аудан әкімдігі қызметкерлері, мекеме басшылары, еңбек ұжымдары мен қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол Мақтаарал ауданының 2024 жылы бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтіп, бұл жетістіктердің артында аудан тұрғындарының тынымсыз еңбегі тұрғанын айтты.
«Биыл ауданымызда барлық салаларда дерлік оң өзгерістер орын алды. Бұл – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегінің нәтижесі. Сіздерге алғысымыз шексіз», – деді Серік Тұрсынқұлов.
Шара барысында білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау және өзге де салаларда табысты еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттары мен арнайы марапаттар табысталды.
Жиын соңында марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да ауданның өркендеуі жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Салтанатты шара мерекелік көңіл-күйде өтіп, өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.













