Четверг, 30 октября, 2025
22.4 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда "Жұмысшы жас - көшбасшы" форумы өтті

Мақтааралда “Жұмысшы жас – көшбасшы” форумы өтті

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Мақтаарал ауданында жастардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру мақсатында ерекше мазмұндағы «Жұмысшы жас – көшбасшы» форумы өтті.

Іс-шараны «Жастар ресурстық орталығы» КММ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық мансап орталығы және аудандағы 14 колледждер бірлесе ұйымдастырды.

Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын түсіндіру, еңбек адамының беделін арттыру және жас буынды адал еңбекке баулу.

Форум жұмысына Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қатысып, жастармен ашық сұхбат өткізді. Өз сөзінде ол еңбек адамының қоғамдағы орны мен ел дамуына қосар үлесі жөнінде айтып, адал еңбектің абыройлы екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық өсімінің негізі — еңбек адамында. Әрбір жас өз ісін сүйіп, кәсібінің нағыз шебері болуға ұмтылуы тиіс», — деді, әкімнің орынбасары.

Форум барысында аудан колледждерінде оқытылатын түрлі жұмысшы мамандықтар таныстырылып, оқу орындары өз жетістіктерін, білім алушылардың кәсіби дайындық деңгейін және инновациялық жобаларын көрсетті.

Мектеп бітіруші түлектер де форумға арнайы шақырылып, өздеріне болашақ мамандықты таңдау бойынша бағыт-бағдар алды. Шара барысында аудандық мансап орталығының директоры Оразбек Жетібаев еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер, дуальды білім беру жүйесі және жастарды жұмыспен қамту тетіктері туралы кеңінен мәлімет берді.

Жастар өз саласының үздік мамандарымен жүздесіп, олардың еңбек жолы мен жетістіктері туралы тың ақпарат алып, табысты мансапқа жетудің жолдарын талқылады.

Қорытындылай келе, форум жас буынды кәсіби тұрғыда бағыттап, олардың еңбекке деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті. Бұл шара – болашақта ел дамуына өз еңбегімен үлес қосатын, кәсібінің нағыз шебері болатын жастардың қалыптасуына жол ашқан маңызды бастама болды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ