Пятница, 25 июля, 2025
25 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда "Жер-2025" командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті

Мақтааралда “Жер-2025” командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті

2025 жылғы 23 шілде күні Мақтаарал ауданында «Жер – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан дайындық және өткізу жөнінде арнайы ұйымдастыру нұсқаулығы әзірленіп, аудандық азаматтық қорғау қызметтеріне, кенттер мен ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ мекемелер мен ұйым басшыларына жолданды.

Сағат 08:00-де аудан аумағында құлақтандыру жүйесі іске қосылып, «Баршаның назарына!» дабылы берілді. Осы сәттен бастап азаматтық қорғау құралымдары, жеке құрам, техника және қажетті құрал-жабдықтар Мақтарал ауылдық округіндегі «Алпамыс батыр» алаңына шұғыл түрде жиналды.

Атакент кентіндегі С.Қожанов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде жер сілкінісі салдарынан қабырғалардың құлағаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл түрде азаматтық қорғау құрылымдары тартылып, авариялық-құтқару және жедел жұмыстар атқарылды. №21 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері тарапынан зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялау, өртті сөндіру және алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Эвакуацияланған тұрғындар қоғамдық автокөліктер арқылы, полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен уақытша орналастыру бекетіне жеткізілді.

Уақытша орналастыру пункті қажетті төсек-орынмен және басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. Жарақат алған және өзін жайсыз сезінген тұрғындарға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

Зақымданған газ, су және электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары тиісті коммуналдық мекемелер тарапынан жүргізілді. Апат аймағында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары паразиттік ауруларға қарсы алдын алу шараларын атқарды.

Сонымен қатар, сағат 09:00-де барлық мекемелерде сейсможаттығу өткізілді.

Оқу-жаттығу барысында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтің және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Асқар Жақияевтың жетекшілігімен азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, басқару органдары мен күштерді дайындау, аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтерінің дайындығы тексерілді.

Жер сілкінісі кезінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында құрылған авариялық-құтқару қызметтерінің құрылымы мен құрал-саймандары түгенделді. Сонымен қатар, энергиямен қамтамасыз ету (электр, газ, жылу, ауыз су), көлік инфрақұрылымдарының жұмыс істеу дайындығы, тәуелсіз энергия көздерінің, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да қорлардың жеткіліктілігі анықталды.

Төтенше жағдай аймақтарында және автокөлік жолдарында адам өліміне жол бермеу, апат аймағынан тұрғындарды іздеу және оларды қауіпсіз орындарға көшіру, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелері де оқу-жаттығу барысында пысықталды.

Жалпы оқу-жаттығуға 182 адамнан тұратын жеке құрам мен 47 бірлік техника жұмылдырылды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ