Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда жаңа жылға арналған мерекелік кеш өтті

Мақтааралда жаңа жылға арналған мерекелік кеш өтті

68

Жаңа 2026 жылдың кіріп келуіне орай Мақтаарал ауданының орталық алаңында салтанатты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары мен қонақтары көп жиналған шара жоғары көңіл күйде өтті.

Мерекелік кешке Мақтаарал ауданының әкімі қатысып, жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы өткен жылдағы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, алдағы 2026 жылға жоспарланған маңызды жобалар мен бастамалар жөнінде ой бөлісіп, тұрғындарға жаңа жылда бақ-береке, зор денсаулық және толағай табыс тіледі.

Құттықтау сөзден кейін аудан әкімі «Жұмысшы мамандықтар жылын» қорытындылау мақсатында жыл бойы түрлі жұмысшы салада белсенділік танытып, ауданның дамуына үлес қосқан үздік жастарды арнайы марапаттармен және алғыс хаттарымен марапаттады. Бұл – жас буынды қолдауға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған игі бастамалардың бірі екені атап өтілді.

Мерекелік жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары мен шақырылған әртістер әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, сахналық қойылымдар мен би композициялары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Орталық алаңда өткен кеште жаңа жылдық безендірулер мен жарқыраған шырша мерекелік атмосфераны айшықтай түсті. Тұрғындар бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, 2026 жылға деген жақсы тілектерін білдірді.

Айта кету керек, аталған мерекелік іс-шара Мақтаарал жұртшылығының бірлігін нығайтып, жаңа жылды көтеріңкі рухпен қарсы алуға ерекше серпін берді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.