Понедельник, 1 сентября, 2025
22.7 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚМақтааралда жаңа оқу жылы қарсаңында 2 мектеп пайдалануға берілді

Мақтааралда жаңа оқу жылы қарсаңында 2 мектеп пайдалануға берілді

Бүгінгі 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай, Мақтаарал ауданында қос қуаныш орын алды. Аудандағы Жаңажол және Бірлік ауылдық округтерінде жаңа екі мектептің есігі оқушыларға айқара ашылды.

Атап айтқанда, Жаңажол ауылдық округінің Нұрлы жол ауылында орналасқан «Нұрлы жол» жалпы орта мектебі және Бірлік ауылдық округіндегі Еркінабад ауылында бой көтерген №32 жалпы орта мектебі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Әрқайсысы 200 орынға лайықталған бұл білім ұялары заманауи талаптарға сай салынған.

Салтанатты шараларға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, алғашқы қоңырау мерекесінде сөз сөйледі. Ол жаңа мектептердің лентасын қиып, алғашқы қадамдарын бастаған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Баршаңызды бүгінгі білім мен ғылым мерекесі – 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Білім күні – бұл жаңа белеске қадам басатын ерекше сәт. Бұл – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін қуанышты күн, ал ұстаздар мен ата-аналар үшін ерекше жауапкершіліктің, үкілі үміттің күні. Балаларымызға білім жолында сәттілік, алға қойған армандарыңызға жетерлік табандылық тілеймін! Осы оқу жылында жарқын жетістіктерге жетіп, ата-ана үмітін ақтайсыздар деп сенемін. Еліміздің болашағы – Сіздерсіздер!», – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Іс-шара барысында Бақыт Насырханұлы мектептердің ішкі жағдайымен танысып, оқу кабинеттерін, зертханалар мен ІТ сыныптарын аралап көрді. Жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, мультимедиалық технологиялармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, оқушылардың спортпен айналысуы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған спорт залдары мен шеберханалар, кітапхана, асхана және медициналық пункттері де қарастырылған.

Қос ауылдың тұрғындары жаңа мектептердің ашылуына үлкен ризашылық білдіріп, бұл игі қадамның ауыл балаларының сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастаған оқушылардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Мұндай білім ошақтарының көбеюі – ел ертеңі саналатын жас буынға жасалған қамқорлықтың жарқын көрінісі.

Айта кетейік, жақында ғана Мақтаарал ауданында 600 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға берілген болатын.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ