Skip to content
Басты бет / АЙМАҚ / Мақтааралда Ж.Қалшораев ауылында табиғи газ берілді

Мақтааралда Ж.Қалшораев ауылында табиғи газ берілді

93

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 34 жылдық мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округіне қарасты 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ж.Қалшораев ауылына табиғи газ берілді. Көп жылдан бері күткен игіліктің жүзеге асуы ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Ауылға көгілдір отынның қосылуына орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Әкім ауыл халқына жаңа мүмкіндіктің құтты болуын тілеп, бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи газ – тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдететін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және экономикалық тұрғыдан тиімді ресурс.

Ж.Қалшораев ауылының тұрғындары үшін бұл – тұрмыс сапасын арттыруда үлкен серпіліс. Бұрындары сұйытылған газ баллондарын пайдаланып келген халық енді қауіпсіз әрі үздіксіз жылу көзіне қол жеткізді. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасаумен қатар, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім болмақ.

Аудан басшысының айтуынша, елді мекендерді газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде аудан халқының әл-ауқатын арттырып, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек. Жалпы 2026 жылы аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілмек.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімдігіне және іске атсалысқан мамандарға алғыстарын айтып, табиғи газдың келуі – ауыл өмірін жаңа арнаға бұратын қуанышты оқиға екенін жеткізді.

Добавить комментарий