Мақтаарал ауданында «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау және мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында футзалдан аудан әкімінің кубогына арналған арнайы турнир ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов: «Бүгінгі турнир – мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтатын, салауатты өмір салтын дәріптейтін, өзара құрмет пен әділдікті ту ететін маңызды шара. «Заң мен тәртіп» қағидасы – қоғам тұрақтылығының, ел дамуының берік негізі болса, спорт – тәртіп пен табандылықтың, бірлік пен сенімнің символы. Бүгінгі додада әр команда тек жеңіс үшін ғана емес, өз мекемесінің абыройы үшін, әділ ойын мен шынайы бәсекенің үлгісін көрсету үшін алаңға шығады деп сенемін. Мұндай жарыстар – қызметтік міндеттерді атқаруда да сергектік пен жауапкершілікті арттырып, ұжымдық рухты күшейтуге өз септігін тигізеді. Спорт арқылы шыңдалған тәртіп пен табандылық – күнделікті жұмыстағы кәсібиліктің кепілі. Баршаңызға сәттілік, тартысты да қызықты ойын, әділ төрелік тілеймін!» — деді.
Спорттық додаға жалпы 10-ға жуық команда қатысып, алаңда тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Күні бойы жалғасқан жарыстың қорытындысы бойынша I орынды аудандық прокуратура командасы, II орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі, III орынды аудандық полиция бөлімі иеленді. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы» номинациясы ҰҚК аудандық бөлімшесінің қызметкері Момбеков Ғабитке, «Үздік шабуылшы» атағы аудан әкімі аппараты командасынан аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековке, ал «Үздік ойыншы» номинациясы аудандық прокуратура қызметкері Жалғас Амантайға бұйырды.
Бірінші орын алған командаға 300 мың теңге, екінші орын иегеріне 200 мың теңге, үшінші орын алған командаға 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақылар табысталды. Сондай-ақ, арнайы кубоктар мен ойыншылардың әрбіріне медалдар берілді.
Айта кетейік, аталған турнир мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттырып, әріптестік байланысты нығайтуға, сондай-ақ қызметкерлер арасында бұқаралық спортты дамытуға серпін берген маңызды шара болды.
















