Мақтаарал ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» атты патриоттық шара Мырзакент кентіндегі Даңқ аллеясында өткізілді.
Бұл – халқымыздың ержүрек батырларына деген құрметтің, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тарихи сабақтастықтың айқын көрінісі .
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, Жеңіс жолында жанын қиған боздақтар рухына тағзым ретінде мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздікпен соғыста қаза тапқан ата-бабаларымыздың рухына тағзыс етті.
Аудан әкімі Бақыт Насырханұлы аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін ерекше атап өтіп, олардың өнегелі жолы бүгінгі ұрпаққа әрдайым рухани бағдар болатынын жеткізді. Іс шара барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес тыл ардагерлері «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, іс шара барысында Мақтаарал және Жетісай аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Н.Рысбековтің жетекшілігімен әскери саптық жүріс ұйымдастырылып, көпшіліктің зор ықыласына бөленді.
Аудандық шекара басқармасының қызметкерлері және Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Жас шекарашылары» қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен мемлекеттік шекараны бұзушыны ұстау әдістерінен арнайы қойылымдар көрсетті. Шынайы әскери машыққа негізделген көріністер көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Бұл қойылымдар жастарға Отан қорғау ісінің маңызын терең ұғындырып, патриоттық сезім ұялатты.
Мерекелік жиын аясында көрмелер ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған патриоттық танымдық бағдарламалар өткізілді. Жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама көрермендердің рухын көтеріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Іс-шарадан соң аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік ас берілді.
Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи дата ғана емес, бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған аталарымыздың ерлігіне деген шынайы құрметтің, еліміздің болашағына сенімнің белгісі. Мақтаарал жұртшылығы бұл айтулы күнді жоғары деңгейде атап өтіп, ұрпаққа үлгі боларлық рухани шара өткізді.
















