Пятница, 25 июля, 2025
25 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Мақтааралда төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Күні кеше Мақтаарал ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков төрағалық етті.

Комиссия отырысында аудан аумағындағы қауіпсіздік шаралары, оның ішінде өрттің алдын алу, жұқпалы аурулармен күрес және алдағы «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстарының ұйымдастырылуы сынды маңызды мәселелер қаралды.

Жиын барысында өрт қаупі жоғары кезеңде қауіпсіздік талаптарының сақталу жайы кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда ауа температурасының жоғарылауына байланысты табиғи және тұрмыстық өрттердің жиілеу мүмкіндігі атап өтілді. Осыған орай, өртке қарсы қызмет өкілдерімен бірлесе тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ арнайы рейдтік іс-шаралар жоспарланғаны туралы ақпарат берілді.

Бижан Анарбеков бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекемелерге өрттің алдын алуға бағытталған шараларды күшейтуді тапсырды.

Келесі мәселе ретінде аудан аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Атап айтқанда, мал дәрігерлік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтерінің жұмысы, халық арасында санитарлық ағарту іс-шаралары, сондай-ақ алдын ала вакцинациялау мен дезинфекциялау жұмыстарының жүргізілу барысы баяндалды.

Аудан әкімінің орынбасары бұл мәселенің де аса өзекті екенін айта отырып, профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.

Комиссия отырысының соңында алдағы уақытта өтетін «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық барысы қаралды. Бұл оқу-жаттығудың мақсаты — табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға төтеп беру, жедел әрекет ету, сондай-ақ аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын жетілдіру.

Анарбеков мырза оқу-жаттығуды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін барлық мүдделі мекемелер мен қызметтердің өзара тығыз байланыста жұмыс істеуін тапсырды. Ол бұл шараның тек формальды сипатта емес, нақты тәжірибеге негізделуі қажеттігін қадап айтты.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті мекемелер мен қызмет басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ