Бүгін Мақтаарал ауданына орталығы Мырзакент кентіндегі «Мақтаарал» мәдениет үйінде «Қазақстан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Жеке құрам атқыштар батальонының Тәжік–Ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына орай тағылымды әрі мән-маңызы зор іс-шара өтті.
Аталған шараға аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, әскери қызмет ардагерлері, жастар және қоғам белсенділері қатысып, ел тыныштығы мен мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарған азаматтарға құрмет көрсетті.
Іс-шараның ашылуында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров құттықтау сөз сөйлеп, Тәжік–Ауған шекарасындағы әскери қызметтің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тарихи маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол бейбіт өмір үшін жауапты кезеңдерде ел мүддесін қорғаған ардагерлердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Шара барысында Отан алдындағы адал қызметі мен елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар ардагерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. Бұл марапаттар – олардың ел қауіпсіздігі жолындағы қажырлы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.
Кездесу барысында ардагерлер әскери қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, сол бір қиын да жауапты кезеңдерде бастан кешкен оқиғаларды тебірене әңгімеледі. Сонымен қатар, олар жас буынға бейбіт өмірдің қадірін білу, елге адал қызмет ету, патриоттық рухты биік ұстау жөнінде өнегелі ойларын айтты. Ардагерлер қазіргі таңда елімізде Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдіріп, бұл реформалардың мемлекет дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.
Тағылымды кездесудің соңында қатысушылар ардагерлерге зор құрмет көрсетіп, олардың ерлікке толы қызмет жолы жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі екені атап өтілді. Шара жас буынның бойында отансүйгіштік сезімді нығайтып, ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды рухани басқосу ретінде есте қалды.
















