1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде тағылымы мол, мазмұны терең мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке аудан тұрғындарын бір шаңырақ астына жинап, татулық пен ризашылықтың айқын көрінісіне айналды.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Алғыс айту күнінің қоғамдағы маңызына ерекше тоқталып өтті.
«Алғыс айту – берекелі бірліктің бастауы. Бүгінде Қазақстан әлем елдеріне үлгі болып отырған тұрақтылық пен ынтымақтың мекені. Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлттар мен этнос өкілдерін ата-бабаларымыз бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Бұл – халқымыздың кеңпейілдігі мен дарқандығының айқын дәлелі. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 31 жылдығы – осы бірліктің нақты көрінісі. Ассамблея мәдени байланысты тереңдетіп, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді», – деді ол.
Құттықтауынан со аудан әкімінің орынбасары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту жолында белсенді еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Бұл – ел игілігі жолындағы адал еңбектің лайықты бағалануы болды.
Мерекелік шара барысында аудандық мәслихаттың депутаты Меруерт Даубаева, аудандық әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаева және өзбек, тәжік этномәдени орталықтарының өкілдері сөз сөйлеп, Алғыс айту күнінің мән-мағынасына кеңінен тоқталды. Олар қазақ халқына тарихи кезеңдердегі қамқорлығы мен бауырмалдығы үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, бүгінгі бейбіт өмір мен берекелі тіршіліктің қадірін атап өтті.
Іс-шара барысында аудан өнерпаздары мен этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдары ән шырқап, ұлттық билерді орындады. Сахна төрінде қазақ, өзбек, тәжік, кәріс, әзербайжан және өзге де этностардың мәдениеті үндесіп, достық пен ынтымақтың жарасымды үлгісі көрсетілді.
Тағылымды кеш тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Алғыс айту күні – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік, болашаққа сенім ұялататын ерекше мереке екенін Мақтаарал жұртшылығы тағы да дәлелдеді.

















