30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мақтаарал ауданында тағы 3 ауыл табиғи газға қосылды.
Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс ауылы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Мырзатөбе ауылы және Достық ауылдық округіне қарасты Гүлістан ауылының тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін бүгін аудан әкімі Бақыт Асанов аталған елдімекендерге арнайы барды.
Елдімекендерде салтанатты газ жағу рәсімі өтіп, аудан басшысы ауыл тұрғындарының көптен күткен қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ, бұл қуанышқа аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Әбілдаев, осы филиалдың Атакент газ шаруашылығының директоры Ділдәбек Паяев, ауданның ТҮКШ бөлімінің басшысы Ғабит Полатов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев және ауыл әкімдері ортақтасты.
«Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының жүктеген негізгі міндеттерінің бірі. Бұл – тек тұрмыстық жағдайды жақсарту емес, сонымен қатар экологияны сақтау, өмір сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадам. Бүгін, міне, тағы үш ауылымызға газ беріліп отыр. Бұл – біздің тұрғындар үшін үлкен жетістік!” – деді, Бақыт Насырханұлы.
Газ мамандары газ қауіпсіздігін сақтау бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіп, үн парақшалар таратты. Тұрғындар тарапынан аудан және облыс, мемлекет басшылығына жылы лебіздер айтылып, күнделікті тіршілікте газдың тигізер пайдасы мен тиімділігі сөз болды. Әсіресе, көмір тасымалдау, күл шығару, от жағу секілді қиындықтар артта қалып, өмір сүру сапасы едәуір жеңілдейтіні атап өтілді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында газдандыру қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін аудандағы елдімекендердің 75%-ы табиғи газға қосылған. 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданын 100 % газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл – жергілікті әкімдік пен облыс басшылығының жүйелі жұмысының нәтижесі.











