Елімізде қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясының “Мөлдір бұлақ” атты апталығы аясында бүгін Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданында кең көлемді сенбілік өтті.
Аталған сенбілік жұмыстары ауданның ауылдық округтері мен елді мекендерінде жүргізіліп, әсіресе каналдар мен арық-атыздардың, коллекторлар мен басқа да су арналарының бойлары қоқыстан, шөп-шалам мен лай-батпақтан тазартылды. Бұл жұмыстарға жергілікті әкімдік қызметкерлері, мектеп ұжымдары, жастар ұйымдары, сондай-ақ ерікті тұрғындар белсене қатысты.
Аудан әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған сенбілік барысында жалпы ұзындығы бірнеше шақырымды құрайтын су арналары арнайы техника көмегімен және қолмен тазаланды. Тұрғындар өз қолдарымен қоқыс жинап, судың еркін ағуына кедергі келтіретін бөгеттерді аршып, табиғи ортаны жақсартуға үлес қосты.
Мақтаарал ауданы әкімі міндетін атқарушы Нұрбол Саттаровтың айтуы бойынша, мұндай шаралар тек қана қоршаған ортаны таза ұстау үшін ғана емес, сонымен қатар суармалы жерлердің тиімділігін арттырып, егін шаруашылығына оң әсерін тигізетін атап өтті.
“Мөлдір бұлақ” апталығының мақсаты – табиғи су көздерін сақтау, олардың айналасын қоқыстан арылту арқылы экологиялық жағдайды жақсарту. Су — тіршілік көзі. Сондықтан оны қорғау – баршаға ортақ міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады» – деді, ол.
Жергілікті тұрғындар да аталған бастаманы қолдап, мұндай акциялардың жиі өткізіліп тұруын құптады. Олар өз сөздерінде қоршаған ортаны таза ұстау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті.
Осылайша, “Таза Қазақстан” акциясының “Мөлдір бұлақ” апталығы Мақтаарал ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табиғатқа жанашырлықпен қараудың жарқын үлгісін көрсетті. Мұндай игі істер қоғамның экологиялық сана-сезімін арттырып, жас ұрпақты табиғатты сүюге, аялауға баулитыны сөзсіз.



