Skip to content
Басты бет / MAKTAARAL TV / Мақтааралда сауда қатарларында газ баллондарын қауіпсіз пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Мақтааралда сауда қатарларында газ баллондарын қауіпсіз пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда

257

Мақтаарал ауданында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осыған орай, Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан аумағындағы сауда қатарларында орналасқан асханалар мен қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Рейдтік іс-шара барысында кәсіпкерлер мен асхана иелеріне газ баллондарын дұрыс сақтау, пайдалану және орнату талаптары кеңінен түсіндірілді. Мамандар газ баллондарын жабық әрі желдетілмейтін орындарда сақтаудың қауіпті екенін, техникалық ақауы бар немесе сертификатталмаған баллондарды қолдану адам өміріне үлкен қатер төндіретінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, онда газ баллондарын қауіпсіз пайдалану ережелері, төтенше жағдай орын алған кездегі іс-қимыл алгоритмі және сақтық шаралары көрсетілген.

Рейд барысында анықталған бірқатар кемшіліктер сол сәтте-ақ жойылып, жауапты тұлғаларға нақты ескертулер берілді. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды жазалау емес, керісінше, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Аталған бағыттағы түсіндіру және алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі кәсіпкерлер мен тұрғындарды өрт және газ қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.