2025 жылғы 31 шілдеде аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың төрағалығымен аудандық үлкен мәжіліс залында салық саласына қатысты өзекті мәселелер қаралған кеңейтілген жиналыс өтті.
Жиналысқа аудандық кірістер басқармасының, білім бөлімінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері мен бас мамандары қатысты.
Күн тәртібінде білім беру мекемелерінің салықтық төлемдер бойынша дебиторлық және кредиторлық қарызы, 2024–2025 жылдары жекеменшік балабақшалардың салықтық міндеттемелері мәселелері қаралды. Сондай-ақ, жиында субсидия алған салық төлеушілердің есебі тыңдалып, 17 шілде күні берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды.
Жиын барысында бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, аудандық білім бөлімі мен кірістер басқармасы 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша салық берешектері туралы екіжақты салыстыру актісін жасап, заң талаптарына сәйкес тиісті шараларды қабылдауы қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, жекеменшік балабақшалардың салық төлемдеріне талдау жүргізіліп, штаттық кестесі мен жалақы тарифтері жиналып, экономика және қаржы бөліміне ұсынуға тапсырма берілді.
Кент және ауылдық округ әкімдері де салық тәртібін орындауды қамтамасыз ету бойынша бірнеше міндеттемелерді мойындарына алды. Оның ішінде шаруа қожалықтардың салық есептілігін тапсыруын қамтамасыз ету, арнайы техникаларды жеке кәсіпкер ретінде тіркеу, жеке кәсіпкерлерді түгендеу, жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салығы бойынша берешегін өндіруді тұрақты жүргізу, 258 кәсіпкердің салық органдарына тіркелуін қамтамасыз ету және орындалу барысы туралы есепті дәлелді құжаттармен экономика және қаржы бөліміне тұрақты түрде тапсырып отыру мәселелері жүктелді.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Анарбеков жиналысты қорытындылай келе, барлық жауапты мекемелерге берілген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.






