Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында салтанатты ту көтеру рәсімі өтті. Бұл маңызды шара Мырзакент кентінің орталық алаңында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол барша аудан тұрғындарын ата-бабаларымыздың аманатына айналған Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауға шақырып, жастарды елжанды, рухты азамат болуға үндеді.
«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің, ұлттық бірегейлігіміздің айқын белгісі. Әрбір қазақстандық өз елінің рәміздеріне мақтанышпен қарап, оларды қастерлей білуі тиіс. Бұл – патриотизмнің басты көрінісі», – деді, Нұрбол Саттаров өз сөзінде.
Іс-шараға шекарашышылар, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, білім саласының қызметкерлері, ардагерлер, жастар ұйымдары мен мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шара патриоттық рухта өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, алаңда патриоттық әндер шырқалып, мектеп оқушылары мен шығармашылық үйірмелердің қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба және Әнұран. Олар 1992 жылы 4 маусымда алғаш рет ресми түрде бекітілген. Содан бері бұл күн елімізде жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді.








