Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен аудан әкімдігінде арнайы жұмыс кеңесі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары Нұрбол Саттаров пен Бижан Анарбеков, сондай-ақ “Дарбаза-Мақтаарал” темір жол желісінің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңесте басты мәселе ретінде “Орта Азия” халықаралық өнеркәсіптік орталығына темір жол инфрақұрылымын тарту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жиын барысында тараптар жобаның маңыздылығын атап өтіп, оның өңір экономикасына, соның ішінде экспорттық әлеуетті арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететінін баса айтты.
Аудан әкімі Бақыт Асанов өз сөзінде аталмыш жоба ел Президентінің тапсырмасына сай жүзеге асып жатқанын, әрі оның стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
“Бұл – тек Мақтаарал ауданы үшін емес, бүкіл Түркістан облысы мен еліміздің оңтүстік өңірі үшін аса маңызды жоба. Темір жол желісі “Орта Азия” халықаралық өнеркәсіптік орталығының көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, шекара маңындағы сауданы жандандыруға, шетелдік және отандық инвесторларды тартуға да жол ашады,” — деді, аудан басшысы.
Жиын барысында мердігер компаниялар жобаның қазіргі барысы туралы баяндап, құрылыс жұмыстарының жоспарлы кестеге сай жүріп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, олар жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Тараптар логистикалық мәселелер, инженерлік желілерді жүргізу, жер учаскелерін рәсімдеу сынды маңызды жайттарды да талқылап, нақты шешімдер қабылдады.
Жиын соңында аудан басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жобаның орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.





