Мақтаарал ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында кешенді рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған шаралар Мақтаарал ауданыны әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және әкімдіктің қызметкерлері, газ инспекциясы, кәсіпкерлік бөлімі және полиция қызметкерлерінің бірлесуімен өткізілді.
Рейд барысында аудан аумағындағы кафе, сауда орталықтары, сондай-ақ көше бойында орналасқан сауда нысандары қамтылды. Тексеру кезінде тұрмыстық газ баллондарын пайдаланатын жеке кәсіпкерлерге ерекше назар аударылды.
Іс-шара аясында кәсіпкерлерге газ баллондарын қауіпсіз пайдалану талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігі егжей-тегжейлі айтылды. Сонымен қатар, техникалық талаптарға сай келмейтін, жарылыс және өрт қаупін тудыратын газ баллондарын пайдалану деректері анықталып, оларды алып тастау жұмыстары атқарылды.
Рейд барысында кәсіпкерлерге ескерту парақшалары таратылып, газ жабдықтарын арнайы рұқсат етілген орындарда ғана пайдалану, баллондарды уақытылы тексеруден өткізу және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – адам өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Айта кетейік, Мақтаарал ауаны әкімдігі алдағы уақытта да осындай профилактикалық рейдтік іс-шаралар жалғасатынын және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ескертеді.












