Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың төрағалығымен Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастыру және қауіпсіз өткізу мәселелеріне арналған арнайы жиын өтті.
Аталған жиынға жергілікті атқарушы орган басшылары, тиісті сала жетекшілері, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Басқосу барысында орталық саябақта құрылатын киіз үйлердің талапқа сай орнатылуы, мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев баяндама жасап, мерекелік іс-шаралардың мазмұнды әрі жүйелі ұйымдастырылуы, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, мерекелік күндері қоғамдық тұрақтылықты сақтау, мәдени іс-шаралардың үйлесімді өтуі маңызды екенін атап өтті.
Ал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Асқар Жақияев өз баяндамасында мереке кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарына ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. Ол киіз үйлерді орнату кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, электр құралдарын дұрыс пайдалану, өрттің алдын алу шараларын күшейту бойынша нақты ұсынымдар берді.
Жиын барысында Бижан Анарбеков жауапты сала басшыларына мерекелік іс-шаралар кезінде қауіпсіздік талаптарының толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Жиын қорытындысы бойынша Наурыз мейрамын жоғары деңгейде, қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу үшін барлық тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.







