Вторник, 6 мая, 2025
29.6 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда нағыз отан қорғаушылар құрметке бөленді

Мақтааралда нағыз отан қорғаушылар құрметке бөленді

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі аясында аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов Мақтаарал ауданы аумағында орналасқан шекара басқармасына арнайы барып, шекара шебінде қызмет атқарып жүрген әскери қызметкерлерді айтулы мерекелермен құттықтады.

Іс-шара барысында Серік Алтынбекұлы сарбаздарды және офицерлер құрамын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерімен құттықтап, ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өлшеусіз еңбектері үшін аудан әкімінің атынан алғысын білдірді.

«Сіздердің қажырлы қызметтеріңіздің арқасында еліміздің шекарасы берік қорғалуда. Ел ішінің бейбіт өмірі – сіздердің ерлікпен атқарып жүрген міндеттеріңіздің нәтижесі. Әскери борыш – әрбір азамат үшін қасиетті парыз. Сіздер осы парызды абыроймен атқарып жүрсіздер. Отан алдында адал қызмет етіп жүргендеріңіз – нағыз патриоттықтың үлгісі. Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!», – деді әкім орынбасары.

Іс-шара барысында үздік қызмет көрсеткен бірқатар әскери қызметкерлерге аудан әкімдігінің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының атынан бірнеше әскери қызметкер ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Айта кету керек, Мақтаарал ауданы еліміздің оңтүстік шекарасында орналасқан стратегиялық маңызды аумақтардың бірі болып табылады. Бұл жерде әскери тәртіп қатаң сақталып, күн-түн демей шекара күзеті күшейтілген режимде жүзеге асырылады.

Шекарашылардың күнделікті тынымсыз қызметі – мемлекеттің тұтастығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды факторлардың бірі. Осы орайда, жергілікті билік өкілдерінің шекарадағы жауынгерлермен үнемі тығыз байланыста болуы – олардың рухын көтеріп, моральдық қолдау көрсетудің нақты көрінісі.

Мерекелік кездесуден кейін шекарашылар өз ризашылықтарын білдіріп, ел мен жердің тыныштығын күзетуде бұдан әрі де жанқиярлықпен қызмет ететіндіктерін жеткізді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ