23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесі аясында Мақтаарал ауданында салтанатты іс-шара өтті. Жыл сайын бұл күнде әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбегі бағаланып, олардың қоғамдағы маңызы атап өтіледі.
Аудан әкімі Бақыт Асанов қатысқан шарада белсенді еңбек етіп жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілерге арнайы алғыс хаттар берілді. Оның ішінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың грамотасымен ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков марапатталды.
Әкім Бақыт Асанов мемлекеттік қызметтің маңызды әрі жауапты екенін, осы салада қызмет ететін мамандардың ауданның дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге қосқан үлестері зор екенін атап өтті. Ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігі мен адалдығын жоғары бағалап, алдағы уақытта да Мақтаарал ауданын дамыту жолында табысты қызмет етулеріне тілектестік білдірді.
Іс-шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев та мемлекеттік қызметшілерге алғыс хаттарын табыстады. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы орны ерекше екенін, олардың атқаратын міндеттерінің маңызы зор екенін атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар мемлекеттік қызметшілерге арналған ән-жырларымен келушілердің ыстық ықыласына бөленді.





