Мақтаарал ауданында жалпы білім беретін мектептердің санитариялық-техникалық жағдайлары мен мектеп оқушыларын сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жалпы аудан бойынша тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында арнайы мекемеаралық мәжіліс өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың төрағалығымен өткен іс-шараға «Мырзакент», «Атакент» аудандық ауруханаларының басшылары, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, мектептердің директорлары қатысты.
Жиында кең көлемде баяндама жасаған аудандық СЭББ басшысы М.Әшірепиев мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізу барысында бірқатар кемшіліктер анықталғанын, алайда әлі күнге дейін аталған кемшіліктер түзетілмегенін атап өтті. Оның ішінде бірқатар мектептерде жарық жүйесінің сымдары ескіргенін, оқу жиһаздарының тозығы жеткенін, оқу бөлмелерінің, зертханалардың толық жабдықталмағанын атап өтті. Тіпті, кейбір мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары қажет екенін ескертті.
«Аудандағы 58 мектептің барлығы типтік жобадағы ғимараттарда орналасқан. Алайда, оның ішінде 19 мектеп 1970-1992 жылдары аралығында салынып, қазіргі таңда ескіріп кеткен. Аталған мектептерде қарастырылған ыңғайластырылған модульді әжетханалардағы санитарлық аспаптар мектептің жобалық қуатына сәйкес келмейді. Сонымен қатар, мониторинг барысында жаңа типтік жобадағы мектептер санитарлық тораптарды толық қолданбайтын жағдайлар да анықталды» – деді, ауданның бас санитары.
Қазіргі таңда мектептерде оқушыларға 1 реттік ыстық тамақ ұйымдастыру жеке кәсіпкерлерге жүктелген. 59 мектептің асханасында 9 жеке кәсіпкер жұмыс атқаруда екен. Алайда, бірнеше мектептің асханаларында қол жууға арналған раковиналар мен ыстық суға су жылытқыш орнатылмағаны, ас үй ыдыстары мен асхана ыдыстарының бөлек жуылуына және сақталуына жағдай жасалмағаны, персоналдарға арналған бөлмелер қарастырылмағаны, желдету жүйелері қарастырылмағаны анықталып, ескертулер берілгенін М.Әшірепиев баяндады.
Аудандық СЭББ басшысы эпидемиологиялық маусымда аудан бойынша тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде де мәлімет берді. Аталған маусымға 14913 доза вакцина жоспарланғанын, ол ең бірінші кезекте триместірлік жүктіліктегі әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, созылмалы жүрек, қан тамырлары аурулары мен туыла біткен өкпе қан тамырлары жетіспеушілігі ауруымен ауыратын балаларға егіліп жатқанын атап өтті.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов баяндамада айтылған кемшіліктер бойынша тиісті мектеп директорларынан жауап алды. Көтерілген әрбір мәселе хаттамаға түсетінін айтып, айтылған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ, эпидемиологиялық маусымда вакцина ектіруге халықты белсене қатысуға шақырды.



