Түркістан облысында қызметкерлердің еңбек міндеттерін атқару барысында орын алатын жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелеріне байланысты шұғыл түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара 2024 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде қолға алынған.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Түркістан облысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті ресми түрде өз жұмысын бастайды.
Осыған байланысты, Мемлекеттік еңбек инспекторы Мұхтар Төленовтің қатысуымен Мақтаарал ауданында өткен жиында жұмыс берушілерге маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан сақтандырудың заңнамалық негіздері мен жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы №30 «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, жұмыс беруші өз қызметкерлерін еңбек міндеттерін атқару барысында туындайтын тәуекелдерден сақтандыруға міндетті. Бұл – тек заңды талап қана емес, сонымен қатар қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне деген құрметтің, әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі.
Бүгінде бірқатар кәсіпорындарға enbek.kz порталы арқылы сақтандыру шартын жасасу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілген. Дегенмен, орын алып отырған өндірістік жарақаттанулар мен жазатайым оқиғалар көрсеткіші әлі де алаңдатарлық деңгейде қалып отыр.
Еңбек заңнамасын бұзған жағдайда жұмыс берушілерге салынатын айыппұл мөлшері де аз емес. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес, міндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтару – 300 АЕК (1 179 600 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал мүлдем сақтандыру шарты жасалмаған жағдайда – 1000 АЕК (3 920 000 теңге) көлеміне дейін айыппұл көзделген.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпорындарға келесі шараларды жедел түрде жүзеге асыруды ұсынды: 10 жұмыс күні ішінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасау, сақтандыру шарттарының көшірмелерін mei@iturkistan.kz электрондық поштасына жолдау және еңбекті қорғау шараларын күшейту, профилактикалық жұмыстарды белсенді түрде ұйымдастыру.
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек инспекция мен мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір жұмыс берушінің күнделікті назарында болуы тиіс басты міндет. Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және олардың денсаулығын сақтау – еліміздің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізудің маңызды бөлігі.




