Аудан прокуратурасының бастамасымен аудан көлемінде өзекті мәселелерді қамтыған мекемеаралық алқалы жиын өтті. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу, алаяқтыққа тосқауыл қою, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ұлттар арасындағы татулықты сақтау – күн тәртібіндегі басты тақырыптар болды.
Жиынға аудан прокуроры Айтболат Досаев пен аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров төрағалық етті. Сонымен қатар, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары, полиция бөлімінің басшылығы мен сала қызметкерлері қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудан прокуроры А.Досаев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың маңызын атап өтті. Прокуратура өкілдері М.Тайжан мен Ж.Амантай жасаған баяндамада бұл мәселеге себеп болатын факторлар, ата-аналардың жауапкершілігі мен мектептердің рөлі жан-жақты талданды.
«Құқықтық мәдениетті бала кезден қалыптастыру – қоғамның болашағын қалыптастырумен тең. Сондықтан, білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары тығыз байланысты жұмыс істеуі қажет», — деді аудан прокуроры.
Жиын барысында тұрғындар жиі тап болатын интернет алаяқтығы мен телефон арқылы жасалатын қылмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Н.Елшібаев өз баяндамасында құқық бұзушылықтың динамикасын келтіріп, алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А.Жақияев су тасқыны, өрт оқиғалары және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мектептер мен мекемелерде қауіпсіздік шараларын күшейту керектігін айтты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Бабашев өз баяндамасында этносаралық келісімді сақтау мен діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыстар туралы мәлімет берді. Ол әсіресе жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңызын атап өтті.
Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Қошқаров мектеп оқушылары арасындағы тәрбие және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша жаңа форматтағы шараларды таныстырды. Ол алдағы уақытта мектеп инспекторларымен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды жандандыруға уәде берді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров әр мекеме басшысына нақты тапсырмалар беріп, көрсетілген мәселелердің орындалуы тікелей бақылауда болатынын жеткізді.
«Бұл — бір жолғы жиналыс емес, тұрақты бақылау мен жүйелі жұмысты талап ететін маңызды бағыт. Әр сала өз үлесін қосқанда ғана нақты нәтиже болады», — деді ол.
Айта кетейік, бұл жиын құқықтық мәдениетті нығайту мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тиімді диалог алаңы ретінде ерекше маңызға ие болды.





