Среда, 30 июля, 2025
26.9 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселесі талқыланды

Мақтааралда қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселесі талқыланды

2025 жылдың 25 шілде күні Мақтаарал ауданында қоғамдық-саяси және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков төрағалық етті.

Іс-шараға Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Ербол Тұрсынбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастарды дамыту және қоғамдық-саяси ахуал бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жұмашбеков, “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары мен өкілдері, дербес бөлімдер басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі және этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар. Алғаш болып сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Шаймерденұлы өңірдегі этносаралық қатынастардың жай-күйіне жан-жақты тоқталып, тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.

Мұнан соң аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев өз баяндамасында аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін, бұл мәселе аудан әкімдігінің күн тәртібінен түспей, тұрақты түрде бақылауда екенін атап өтті.

«Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Бұл комиссия құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жағымсыз оқиғалар орын алған жағдайда шұғыл әрекет ету алгоритмі дайындалған және іске қосылған», — деді М. Бабашев.

Сонымен қатар, аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен толғандыратын мәселелерін шұғыл назарға алу мақсатында «Мақтаарал ауданының өзекті мәселелері» атты WhatsApp чаты іске қосылған. Бұл чатқа белсенді азаматтар, қоғам белсенділері, әлеуметтік желі қолданушылары, ауыл билері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері тартылған. Осылайша, билік пен халық арасында жедел әрі тиімді байланыс орнатылған.

Мақтаарал ауданында бүгінде 40-тан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осыған байланысты ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау мақсатында этнос өкілдері тығыз шоғырланған 6 елді мекеннің әлеуметтік картасы әзірленген. Бұл карта әр ауылдың демографиялық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жағдайларын, сондай-ақ қауіп-қатер тудыруы мүмкін факторларды ескере отырып жасалған. Нәтижесінде, кез келген шиеленісті жағдайдың алдын алу және ерте әрекет ету мүмкіндігі арта түскен.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер мен нақты ұсыныстар да айтылды. Әсіресе жастар арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, этносаралық келісім мен діни толеранттылықты насихаттау, халықпен кері байланысты жандандыру секілді бағыттарға басымдық беру қажеттігі көтерілді.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қоғамдағы тұрақтылық – бірлік пен келісімнің нәтижесі екенін атап өтіп, қатысушыларды бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтуге шақырды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ