Среда, 27 августа, 2025
41.2 C
Мырзакент
ҮйА.Қалыбеков а/оМақтааралда "Келешек мектептері" жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді

Мақтааралда “Келешек мектептері” жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданының білім беру саласындағы маңызды жаңалық – 1 қыркүйек – Білім күні және 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойы аясында А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Жаңа оқу орнының ашылуына аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қос мерекемен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде ол:

«Бұл – тек Үлгілі ауылы үшін емес, тұтас Мақтаарал ауданы үшін үлкен қуаныш. Жаңа мектеп – балаларымыздың сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам. Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында, ал білім сапасы оқу ордасының жағдайымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі», – деп атап өтті.

Салтанатты іс-шараға ауданның ардагерлері, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты. Ашылу рәсімінен кейін мектеп ішін аралап көрген қонақтар жаңа нысанның заманауи жабдықталғанына жоғары баға берді.

Жаңа мектеп ғимараты заманауи талаптарға толық сай келеді. Мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Бұл оқу процесін жүйелеуге және балалардың жас ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Әр блокта оқу кабинеттері, кең әрі жарық спорт залдары, заманауи санитарлық тораптар (дәретханалар), тынығу алаңдары қарастырылған.

Пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар, шеберханалар халықаралық стандарттар бойынша жабдықталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де қолайлы жағдай жасалған – пандустар, арнайы лифтілер, тактильді белгілер және инклюзивті сыныптар бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылған, дабыл түймелері, өткізу-бақылау жүйелері іске қосылған.

Аталған жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» бастамасының нақты көрінісі. Бұл жоба ауыл мен қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын теңестіруге, сапалы білімге деген тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, педагог мәртебесін көтеруге бағытталғаны белгілі. Жаңа мектептер – мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне, оқушылардың жан-жақты дамуына үлкен серпін бермек.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы білім саласындағы игі істер мұнымен шектелмейді. Алдағы қыркүйек айында Атакент кентінде 1500 орындық тағы бір «Жайлы мектеп» пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, 200 орындық екі мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ