1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Мақтаарал ауданында кең көлемде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл атаулы күн – еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен татулықты нығайтатын маңызды мерекелердің бірі болып саналады.
Мерекелік кеш Мырзакент кентінің орталық алаңында өтті. Ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын паш ететін бұл мерекеге түрлі этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдар белсене атсалысты.
Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол ел бірлігінің Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында халықтың бірлігінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, мерекелік кеш барысында ұлттар достығын нығайтуға, қоғамдық келісімді дамытуға және этносаралық татулықты насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.
Бұл марапат ел ішіндегі келісім мен татулықты сақтауға белсенді үлес қосып жүрген жандардың еңбегіне берілген лайықты баға болды.
Мерекелік шара одан әрі аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен өткен әсем концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада түрлі ұлттардың әндері мен билері орындалып, көрермендер ұлттық киімдегі өнерпаздардың орындауындағы композицияларды зор қошеметпен қабылдады. Қазақ, өзбек, орыс, кәріс, түрік және басқа да этностардың мәдениетін танытатын сахналық көріністер көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған би қойылымдары, көркемсөз оқу шеберлері және домбырамен күй тартқан орындаушылар кеш көрігін аша түсті.
Мерекелік алаңда қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Әр этнос өзінің ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін таныстырып, келушілерге қызықты мағлұматтар ұсынды. Бұл жәрмеңке аудан тұрғындарына тек көңілді мереке ғана емес, бір-бірінің мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.
Осылайша, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Мақтаарал ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы этностар арасындағы татулық пен өзара сыйластықты дәріптеу, бейбіт өмір мен тұрақтылықты нығайту болды. Бұл мереке – барша қазақстандықтардың ортақ құндылықтарға негізделген ынтымағы мен бірлігінің айқын көрінісі.















