Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда қазақ күресінен Түркістан облысының чемпионаты басталды

Мақтааралда қазақ күресінен Түркістан облысының чемпионаты басталды

102

Мақтаарал ауданында қазақ күресінен 2009–2010 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар және 2011–2012 жылы туылған кіші жасөспірім ұлдар арасында Түркістан облысының чемпионаты өз жалауын көтерді. Ұлттық спортты дәріптеуді мақсат еткен ауқымды жарыс Мырзакент кентіндегі заманауи спорт сарайында өтуде.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қатысып, жарысқа қатысушы спортшыларға ізгі тілегін білдірді.

«Қазақ күресі – халқымыздың рухани мұрасы, ерлік пен төзімділіктің, батылдық пен әділдіктің символы. Осындай байырғы спорт түрі арқылы жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік пен жеңіске деген жігер қалыптасады. Баршаңызға әділ бәсеке, сәтті белдесулер мен жарқын жеңістер тілеймін. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, болашақ чемпиондардың жолын ашсын!» – деді, Бижан Шералыұлы.

Салтанатты жиында жарыстың бас төрешісі бастаған төрешілер алқасы таныстырылып, қазақ күресінің ресми ережелері мен жарыс тәртібі қатысушыларға жан-жақты түсіндірілді.

Аталған облыстық біріншілікке Түркістан облысының 17 қала мен ауданынан келген 370-ке жуық спортшы қатысуда. Жас балуандар өзара мықтыны анықтау үшін бірнеше салмақ дәрежелері бойынша бақ сынайды.

Төрт күнге созылатын чемпионат барысында тартысты белдесулер өтеді деп күтілуде. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылар Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алып, облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

Айта кетейік, бұл жарыс жасөспірімдер арасында қазақ күресін кеңінен насихаттауға, спортшылардың шеберлігін шыңдауға және ұлттық спорттың дамуына серпін беруге бағытталған.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.