Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда қауіпті көпірге арка орнатылды

Мақтааралда қауіпті көпірге арка орнатылды

79

Мақтаарал ауданындағы КХ-19 республикалық маңызы бар автомобиль жолының «Достық» каналының үстінен өтетін көпірге (халықарасында Қарсыбай көпірі деп аталады) арнайы қорғаныш аркасы орнатылды. Аталған шара көпірдің қазіргі техникалық жағдайының қауіпті деп танылуына байланысты қолға алынды.

Мамандардың қорытындысына сәйкес, көпірдің көтеру қабілеті шектеулі болғандықтан, ауыр салмақты жүк көліктерінің өтуі құрылымға айтарлықтай қауіп төндіреді. Осыған орай, көпір арқылы үлкен жүк көліктерінің қозғалысын шектеу мақсатында арнайы арка қойылды. Арканың ені 9 метрді, ал биіктігі 3 метрді құрайды. Бұл өлшемдер биіктігі мен көлемі үлкен көліктердің көпірге жақындамай тұрып кері қайтуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысын реттеу мақсатында көпірдің қауіпті жағдайда екенін ескертетін, сондай-ақ жүк көліктерінің өтуіне шектеу қоятын арнайы жол белгілері орнатылды. Аталған белгілер халықаралық стандарттарға сай орналастырылып, түнгі уақытта да жақсы көрінуі үшін жарық шағылыстыратын элементтермен жабдықталған.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, бұл уақытша қабылданған қауіпсіздік шаралары көпірді толық тексеріп, тиісті жөндеу немесе қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгенге дейін қолданыста болады. Тиісті қызметтер көпірдің техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, жол пайдаланушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жалғастырады.

Жергілікті билік өкілдері мен жол қызметі жүргізушілерді жол белгілеріне мұқият қарап, белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады. Бұл, ең алдымен, адам өмірі мен жол қауіпсіздігін сақтау үшін қажет екені атап өтілді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.