Пятница, 25 июля, 2025
25 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМақтааралда халықаралық өндірістік кооперация орталығына инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды

Мақтааралда халықаралық өндірістік кооперация орталығына инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық әріптестікті нығайтудың жаңа кезеңі басталды.

Мақтаарал ауданындағы “Атамекен” кедендік бекетінің маңынан бой көтеретін «Орта Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының (ХӨКО) аумағына инфрақұрылым тарту жұмыстары ресми түрде басталды.

Аталған ауқымды жобаның алғашқы кезеңінде стратегиялық маңызы зор орталықтың қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі күн тәртібіне шықты. Осыған орай құрылыс алаңында арнайы жұмыс жиыны ұйымдастырылып, оған Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тохтар Усубалиев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Байдулла Оразбеков, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, сондай-ақ мердігер мекемелер мен аудандық тиісті бөлімдердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Жиын барысында мамандар кооперациялық орталықтың аумағына қажетті барлық инфрақұрылым желілерін — автомобиль және темір жолдарын, электр энергиясы мен табиғи газ тарту, ауыз су және кәріз жүйелерін орнату, сондай-ақ телекоммуникация және байланыс желілерін жүргізу бойынша жасалған жобалық-сметалық құжаттарды жан-жақты зерделеді. Әр инфрақұрылым саласы бойынша жоспарланған мерзімдер, техникалық шешімдер мен іске асыру тәсілдері егжей-тегжейлі қаралып, нақты ұсыныстар айтылды.

Сала мамандары мен жобалаушы ұйым өкілдері құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасына, инфрақұрылым желілерінің өткізу қабілетіне, қауіпсіздік талаптарына және ұзақмерзімді пайдалануға жарамдылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, инфрақұрылым желілерін тарту кезінде жергілікті жердің климаттық, географиялық ерекшеліктері мен шекаралық аймақтағы логистикалық тиімділік те басты назарда болды.

Отырыста жобаның тиімді жүзеге асуына ықпал ететін инновациялық шешімдер, энергия үнемдейтін технологиялар мен заманауи инфрақұрылымдық үлгілерді енгізу мәселелері де көтерілді. Жобалаушылар тарапынан ұсынылған техникалық схемалар бойынша пікір алмасу жүріп, бірқатар инженерлік түйткілдерге нақты шешімдер қабылданды.

Басқосу нәтижесінде инфрақұрылым тарту жұмыстарының әр кезеңі бойынша жауапты мердігер мекемелер мен тиісті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігі атап өтіліп, нақты міндеттер жүктелді.

Аудан әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы өз сөзінде: “Шекара маңында орналасқан бұл кооперациялық орталық — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы интеграцияның нақты жемісі. Мұнда сапалы әрі уақтылы инфрақұрылым тарту – нысанның дер кезінде іске қосылуы мен толыққанды жұмыс істеуінің басты кепілі”, — деп, атап өтті.

Қазіргі таңда жер телімінде бастапқы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, инфрақұрылым жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, халықаралық орталықтың толық қуатымен жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, “Орта Азия” ХӨКО-ның іске асуы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етпек. Сонымен қатар, бұл орталық аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ