Понедельник, 13 октября, 2025
16.1 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда ғасыр жасаған ардагерлер құрметке бөленді

Мақтааралда ғасыр жасаған ардагерлер құрметке бөленді

1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Мақтаарал ауданында ғасыр жасаған қарияларға ерекше құрмет көрсетілді. Ел тарихының куәсі, тағылымды өмір иелері саналатын бұл ардагерлерге арнайы барып, аудан басшылығы мен жергілікті атқарушы орган өкілдері құрмет білдірді.

Аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қадыр Сәрсекбаевтар мереке күні Иіржар ауылдық округіне қарасты С.Рахымов ауылында тұратын 100 жастағы Бөрібай Мұхтаровтың шаңырағына арнайы барды. Ширақ жүріп, саналы сөз саптауымен тәнті еткен қарияны әкім мерекемен құттықтап, арнайы Алғыс хат пен мерекелік тартуларын табыстады.

Бөрібай Мұхтаров – өмір бойы ел мен жер игілігі үшін еңбек еткен, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосқан абыз қариялардың бірі. Әлі күнге дейін ел іргесінің тыныштығын тілеп, ақ батасын беріп отырған қарттың өнегелі өмірі – көпке үлгі.

Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов пен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаевтар да ардагерлерге арналған құрмет шарасынан шет қалмады.

Олар Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Ақалтын ауылында тұратын ғасыр жасаған Гүлшан Нұрова әженің шаңырағына барып, аудан халқы атынан ізгі тілегін жеткізді. Ардагер анаға сый-сияпаттар табысталып, денсаулығына күтім көрсетіліп жатқаны үшін алғыс білдірілді.

Гүлшан апа ұзақ ғұмырында елдің ауыр күндерін де, қуанышты сәттерін де бірге өткеріп, қиындыққа мойымаған, шүкіршілікпен өмір сүрген жандардың бірі. Оның өмір жолы – сабыр мен парасаттың айғағы.

Мақтаарал ауданының басшылығы мұндай шараларды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Қарияларға деген қамқорлық – елдің рухани тірегі, ұрпақ алдындағы аманат екендігін баса айтады. Бұл – үлкенге құрмет, кішіге өнеге көрсетудің жарқын үлгісі.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ