Мақтаарал ауданынла «Діни тұтастық – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында тұрғындардың қатысуымен кең ауқымды кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ кереғар діни ағымдардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесуге облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің білікті теолог мамандары арнайы қатысып, дін саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды ақпарат берді. Сарапшылар қазіргі қоғамдағы діни ахуал, жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңыздылығы, әлеуметтік желілер арқылы таралатын теріс идеологиялардың зияны туралы кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының сабақтастығы, ата-баба жолының рухани негіздері жайында тағылымды ойлар ортаға салынды.
Мамандар жиын барысында тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, діни ақпаратты тек сенімді әрі ресми дереккөздерден алу қажеттігін атап өтті. Әсіресе, жастардың санасын түрлі жат ағымдардың ықпалынан қорғау, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және діни иммунитетті күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуге ауданның бас имамы Н.Мұсабеков қатысып, жиналған қауымды келе жатқан қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде ел ішіндегі татулық пен бірліктің маңызын айрықша атап өтіп, жастарды дәстүрлі ислам құндылықтарын берік ұстануға, өзге діни ағымдардың ықпалына сақтықпен қарауға шақырды.
Іс-шараның мәдени бөлімінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қ.Жандарбеков атындағы драма театры әртістері сахналық қойылым ұсынды. Театр ұжымы көрермен назарына тәрбиелік мәні зор, ой салатын мазмұндағы көрініс қойып, отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие, қоғамдағы бірлік пен кереғар діни ағымдардың алдын алу тақырыптарын көркем түрде бейнеледі. Қойылым көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, әсерлі көңіл күй сыйлады.
Жиын барысында қоғамдағы діни келісім мен өзара сыйластықты нығайту, жастарды рухани тұрғыда дұрыс бағыттау, жат ағымдарға қарсы тұратын берік көзқарас қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.












