Жеңіс күнінің 80 жылдық торқалы тойы қарсаңында ҚР Құрметті журналисі, ақын Боранбай Құдияровтың бастамасымен Мақтаарал топырағында ерекше рухани шара — «Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаев атындағы» шығармашылық байқау ұйымдастырылды.
Бұл байқау – елі мен жері үшін жанын пида еткен батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету, олардың ерлік жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолға алынған тағылымды бастама болатын.
Бала күнінен жазушы-журналист болуды армандап, сол арманын жүзеге асыру жолында соғысқа дейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, Қазақ КСР Мемлекеттік Баспа комитетінде еңбек еткен батыр Жолдыбай Нұрлыбаев Отан қорғау жолында асқақ арманы мен өмірін құрбан еткен болатын. Оның өмірі – ерлік пен арманның, елдік пен азаматтықтың жарасымды үйлесімі.
Майдангер батырдың рухын ардақтаған бұл байқауға Мырзашөл өңірінен шыққан қаламгерлер белсене қатысып, ұйымдастыру алқасына эссе, очерк және өлең жанрларындағы шығармаларын жолдады. Олар өз туындылары арқылы Жолдыбай Нұрлыбаевтың тұлғалық болмысын, оның ерлікке толы өмір жолын тереңнен толғап, көркем тілмен бейнелей білді.
Байқау жеңімпаздарын қазылар алқасы әділ бағалап, үздік шыққан шығармалардың авторлары Мақтаарал ауданы әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Журналистер одағының Дипломымен және «Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаев атындағы» арнайы төсбелгісімен және заттай сыйлықтармен марапаттады.
Іс-шараға ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәурен Тілеухан қатысып, жүлдегерлерді құттықтады.









