Воскресенье, 1 июня, 2025
32.1 C
Мырзакент
ҮйЖАҢАЛЫҚТАРМақтааралда балаларды қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Мақтааралда балаларды қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Мақтаарал ауданында кең ауқымды салтанатты іс-шара өткізілді. Шараның басты мақсаты – бала құқықтарын қорғауға қоғам назарын аудару, олардың өмір сүруіне, білім алуына, қауіпсіздігі мен дамуына қолайлы жағдай жасау.

Мырзакент кентінің орталық алаңында өткен іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров арнайы қатысып, ата-аналар мен бүлдіршіндерді және жалпы аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

«Балалар – біздің болашағымыз. Олардың бақытты балалық шағы мен қауіпсіз өмір сүруі – біз үшін ең басты міндет. Бүгінгі күн – тек балалар мерекесі ғана емес, сонымен бірге біз, ересектер үшін де үлкен жауапкершілік жүктейтін күн. Сондықтан, баршамыз бірігіп, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеуіміз керек» – деді, Нұрбол Саттаров өз құттықтау сөзінде.

Іс-шара барысында аудан мектептерінен келген дарынды оқушылар өз өнерлерін паш етті. Шараның шымылдығы ұлттық және заманауи стильде орындалған би қойылымдарымен ашылды. Кейін балалар патриоттық рухтағы әндер шырқап, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Кішкентай суретшілерге арналып ұйымдастырылған «Ашық аспан астындағы сурет» атты шығармашылық байқау да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Балалар түрлі-түсті борлармен жерге бейбіт өмір, табиғат, отбасы сынды тақырыпта суреттер салып, өздерінің ішкі дүниесі мен армандарын бейнеледі.

Ата-аналар мен педагогтар да бұл күні шет қалмай, балалардың шығармашылығын тамашалап, олармен бірге естелік суретке түсіп, қуаныштарымен бөлісті.

Бұл іс-шара балалардың құқықтарын қорғау, олардың қоғамдағы орны мен рөлін айқындау бағытында атқарылып жатқан игі істердің бір парасы ғана. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да балалардың жан-жақты дамуына бағытталған мәдени, танымдық және спорттық шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ