Четверг, 29 мая, 2025
30.5 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМақтааралда балабақшаның жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Мақтааралда балабақшаның жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жамбыл елдімекенінде көптен күткен маңызды нысан — «Кенжебай ата – Шаңырақ» бөбекжай балабақшасының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Жаңа балабақша ғимараты ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен маңызды әлеуметтік жаңалық болды.

Ашылу салтанатына ауылдық округтің әкімі Молдабек Битемиров, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сандуғаш Ибрагимова, аудандық мәслихаттың депутаты Қалмырза Бейсенбаев, ауыл ақсақалдары, ата-аналар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жиынға келген қонақтар мен ауыл халқы балабақша ұжымын осындай маңызды оқиғамен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Шара барысында балабақша ғимаратының лентасы салтанатты түрде қиылып, жиналған қауым жаңа нысанның ішін аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Балабақша ішінде оқу және ойын бөлмелері, ұйықтау бөлмелері, асхана, спорт және музыка залы, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелері орнатылған.

Балаларға арналған бұл мекеме 100-ден астам бүлдіршінге арналған және 20-ға жуық тәрбиеші мен техникалық қызметкерлер жұмысқа қабылданған. Бұл – ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік жағдайды жақсартуға да үлес қосатын маңызды қадам.

Іс-шара соңы бүлдіршіндер мен балабақша қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Балалар патриоттық әндер шырқап, ұлттық би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар осындай игі істің жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтып, ел болашағы – жас ұрпақтың жарқын келешегі үшін жасалып жатқан игілікті бастамалардың жалғасын табуына тілек білдірді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ